
«Астана — Петропавл» автожолында, Келлеровка ауылының маңында полицейлер жылдамдық режимін жүйелі түрде бұзған «Mercedes» автокөлігін тоқтатты.
19 жастағы елорда тұрғыны қызметтік қажеттілікпен Келлеровкаға жиі қатынап жүрген. Осы ретте ол ауыл ішінде бірнеше рет шамамен сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүріп, жаяу жүргіншіні, үй жануарларын қағып кету немесе өзге көлікпен соқтығысу қаупін тудырған.
Қайталанған құқық бұзушылықтар «Мегакам.Қорғау» жүйесі арқылы тіркелген. Полицейлер жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1 300 000 теңгені құрады, оның ішінде сақтандырусыз көлік басқарғаны үшін жаза да бар.
Жүргізуші айыппұл сомасының 50 пайызын оқиға орнында банк қосымшасы арқылы төледі. Оның айтуынша, жолдағы әрекетін «камераларды көрмедім» деп түсіндірген.
Полицейлер тек жаза қолданумен шектелмей, жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Жол қозғалысы қағидаларын сақтау бейнебақылау камераларының бар-жоғына қарамастан міндетті екені ескертілді. Бақылау жүйелері жазалау шараларын күшейту үшін емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында СҚО жолдарында 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 15 адам қаза тауып, 131 адам жарақат алды. Оның ішінде 92 жол апаты жүргізушілердің кінәсінен болып, 14 адам қаза тауып, 123 адам жараланған.