Бірінші рет — ескерту: СҚО-да полицейлер бетті жабуға тыйым салуды түсіндіруде

Бірінші рет — ескерту: СҚО-да полицейлер бетті жабуға тыйым салуды түсіндіруде

Қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге болмайды. Бұл талапты СҚО полицейлері профилактикалық рейдтер барысында да, әлеуметтік бейнероликтер арқылы да түсіндіруде.

Экранда — типтік жағдай: бетперде мен капюшон киген азамат дүкенге кіреді, оны полицей тоқтатып, заң талаптарын түсіндіреді.

Құқық қорғау органдары атап өтеді: заң жазалау мақсатында енгізілмеген. Алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту қарастырылған. Тек бір жыл ішінде қайта бұзушылыққа жол берілген жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Тәжірибе көрсеткендей, СҚО-да түрлі сәндік бетперделерді көбіне жасөспірімдер мен жастар қолданады. Сондықтан түсіндіру жұмыстары негізінен Петропавл қаласының тұрғындары көп жиналатын орындарда — Қазақстан Конституциясы көшесінде, сауда-ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде жүргізілуде.

Бетті жедел тану мүмкіндігі, соның ішінде зияткерлік бейнебақылау жүйелері арқылы, қазіргі қоғамдағы қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды талабы болып табылады.