
Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік жұмыстар жүргізді. Іс-шара тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғын сектордағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
4 күн ішінде тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп 147 рейд өткізіп, жеке үйлер, пәтерлер және саяжай алқаптары бойынша 1200-ден астам аула аралау жұмыстарын жүргізді. Ерекше бақылауда есепте тұрған тұлғалар болды — полицейлер 700-ден астам мекенжайды тексеріп, тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге күш салды. Есептегі тұлғалар арасында 19 құқық бұзушылық анықталды — негізінен бұл қорғаныш нұсқамаларының талаптарына қарамастан алкоголь ішу фактілері.
Жекелеген жағдайда 29 жастағы қала тұрғыны 20 тәулік әкімшілік қамаудан жаңа босап шыға салысымен қайтадан алкоголь ішіп, жанжал шығарған. Анасы полиция шақыруға мәжбүр болған, енді оған қайтадан жаза қолданылуы мүмкін.
Жалпы рейдтер барысында учаскелік инспекторлар 166 түрлі әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болудың 5 дерегі тіркелді. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары мен жауапкершілік шаралары еске салынды.
Сондай-ақ Петропавлда өмірлік қиын жағдайдағы екі отбасы анықталып, қазіргі уақытта оларға Отбасын қолдау орталығының мамандары көмек көрсетуде.
Полиция департаментінде атап өткендей, мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Мәселелерді дер кезінде анықтау және профилактикалық жұмыс тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.