
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл сайын хабар-ошарсыз кеткендер бойынша жүздеген өтініш қабылдайды. Жыл басынан бері осындай 75 өтініш тіркелді. Барлық жағдайда адамдардың орналасқан жері тәуліктік кезекшілік барысында анықталды.
Көбінесе адамдар тұрмыстық жанжалдардан кейін жоғалып кетеді, жақындарымен байланысын үзіп, уақытша тұрғылықты жерін өзгертеді.
Өтініш түскеннен кейін полицейлер жедел түрде іздестіру шараларын бастайды: жоғалу мән-жайын анықтайды, болуы мүмкін мекенжайларды тексереді, туыстарынан жауап алады, бейнебақылау жазбаларын зерделейді. Іздеу бағдарламалары барлық бөлімшелерге және көршілес өңірлерге жолданады. Бұл жұмыста еріктілер мен бейжай қарамайтын тұрғындар да елеулі көмек көрсетеді.
Полицейлер туыстары немесе таныстары жоғалған жағдайда мүмкіндігінше тезірек хабарласуға шақырады. Уақтылы жүгіну адамның орналасқан жерін қысқа мерзімде анықтау ықтималдығын айтарлықтай арттырады.