
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов халықпен есептік кездесу өткізді. Өңірдегі жедел ахуал тұрақты. Соңғы 10 жылда қылмыс деңгейі шамамен 3,5 есеге төмендеді (10 103-тен 2 909 дерекке дейін), оның ішінде соңғы бір жылда 13%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші 100%-ды құрайды.
Өзекті мәселелердің бірі — интернет-алаяқтықпен күрес. Олардың саны 13%-ға азайғанымен (752-ден 654 фактіге дейін), аталған қылмыс түрі әлі де ең кең таралғандардың бірі болып отыр. 2025 жылы облыста кибералаяқтардың әрекеттерінен келген шығын 1,4 миллиард теңгеден асты. Сонымен қатар, полицейлердің жұмысы мен заманауи құқықтық тетіктердің арқасында жәбірленушілерге 526 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Өткен жылы полицейлер ондаған алаяқтық эпизодтарына қатысы бар екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Полиция интернет-кеңістікті тұрақты бақылауда ұстап, жалған хабарландыруларды бұғаттап, халықты кең таралған алаяқтық схемалары туралы хабардар етуде.
Қоғамдық қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінуде. Бейнебақылау жүйесі белсенді дамып келеді. Облыста барлығы 47 мыңға жуық бейнекамера бар, оның 14 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Бұл қоғамдық орындардағы қылмыстардың азаюына ықпал етеді. Мысалы, 2026 жылдың алғашқы 2 айында олардың саны 10%-ға қысқарып, 70-тен 63 дерекке дейін төмендеді. Сондай-ақ, Абай Жусупов жол қауіпсіздігін нығайту, есірткі қылмысына және мал ұрлығына қарсы күрес бойынша кешенді шаралар туралы баяндады.
Есептен кейін полиция полковнигі А. Жусупов тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Олардың басым бөлігі абаттандыру мен жол инфрақұрылымына қатысты болды. Көптеген МИБ және ПИК төрағалары бейнекамералар орнатуға жәрдемдесуді сұрады. Қосымша зерделеуді қажет етпейтін барлық сұрақтарға толық әрі жан-жақты жауаптар берілді. Бұдан кейін Департамент басшысы құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін БАҚ және қоғам өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады. Іс-шара соңында облыстық полиция ведомствосының басшысы азаматтарды жеке қабылдады.