Петропавлдағы түн полиция қызметкерлерінің көзімен: 19 құқық бұзушылық анықталды

Петропавлдағы түн полиция қызметкерлерінің көзімен: 19 құқық бұзушылық анықталды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мереке күндерінен кейін де полицияның басты назарында. Демалыс күндері қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының патрульдік полицейлері профилактикалық жұмысты күшейтті.

Қызметке түсер алдындағы саптық жиында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев қала сыртындағы автожолдарда да, облыс орталығы көшелерінде де заңдылықты жан-жақты қамтамасыз ету бойынша міндеттерді айқындады.

Негізгі міндеттердің бірі — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау: мас күйде көлік басқару, жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және басқа да құқық бұзушылықтар. Көктемгі ауа райын ескере отырып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің оқылмауы мәселесіне де ерекше назар аударылуда.

Петропавлда өткен түнгі рейд барысында полицейлер маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін үш жүргізушіні, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткен екі жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Бір автокөлік иесі Қазақстан Конституциясы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолағының үстіне көлігін қойған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Тұраққа қою қағидаларын бұзу әлі де жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында. Мұндай кедергілер жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін апат қаупін арттыратынын түсіну маңызды.

Сондай-ақ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері басқа құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды да тексерді. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінен дүкен баспалдағында мас күйде отырған ер адам туралы хабарлама түсті. Қарт ер адам мас емес, бірақ бағдарын жоғалтқан болып шықты. Оның жеке басын және тұрғылықты жерін анықтау, сондай-ақ ашық аспан астында түнеу салдарынан тоңып қалудың алдын алу мақсатында ол қабылдау-тарату пунктінің қызметкерлеріне тапсырылды.

Барлығы бір түн ішінде Петропавлда полицейлер 27 шақыртуға ден қойып, 19 түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 5 адам қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды. Полицияның жұмысы «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.