
Солтүстік Қазақстан облысының полициясы Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғынын жауапкершілікке тартты. Ол «Jetour» маркалы автокөлікті басқара отырып, «Челябинск – Новосибирск» автожолының 631 шақырымында рұқсат етілген 100 км/сағ жылдамдықтың орнына 51 км/сағ-қа артық жылдамдықпен жүрген. Құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастыратын әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізушімен ауыр салдарға әкелуі мүмкін заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.
СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Жұмалиевтің айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жолдардағы жағдай ерекше назарды талап етеді: екі айда облыста 58 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 72 адам зардап шеккен, 10 адам қаза болған. Негізгі себептер — жүргізушілердің тәртіп сақтамауы, жылдамдықты арттыру, қауіпті басып озу және бағдаршам сигналдарын елемеу.
Жүйелі жұмыс аясында осы кезеңде Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 33 860-тан астам дерегі анықталып, 144 мас күйіндегі жүргізуші ұсталды.
Профилактикалық жұмыстар да қатар жүргізілуде. Жуырда түнгі уақытта «Рөлде ұйқы» атты кезекті акция өтті: полицейлер медицина қызметкерлерімен бірге алыс бағыттағы жүргізушілерді тоқтатып, олардың жағдайын тексеріп, еңбек және демалыс режимін сақтау қажеттігін еске салды. Рейд барысында 30 автокөлік жүргізушісі, оның ішінде жүк көліктерінің жүргізушілері қамтылды.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Алтынбек Жамалиевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде таңертеңгі және кешкі уақытта өткізіліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.