
Петропавл қаласындағы Жұмысшы кентінде тұратын қарт тұрғын үшін полицейлердің келуі жағымды тосын сый болды. Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші бөлімінің қызметкерлері оның ауласындағы қарды тазалап, үйге кіреберіс жолды және алдындағы су ағатын арықты аршып берді.
Осылайша тәртіп сақшылары Қайырымдылық күнін қарсы алды. Бұл — Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің екінші күні, онда игі істер жасауға, мұқтаж жандарға көмектесуге ерекше көңіл бөлінеді.
Аға буынға қамқорлық көрсету — полицейлердің қалыптасқан игі дәстүрлерінің бірі. Мәселен, өткен аптада қызметкерлер Жұмысшы кентінде тұратын полиция майоры Сәкен Бекеновтің ауласын қардан тазартқан болатын.
Мұндай көмек акциялары тек мереке күндері ғана емес, жыл бойы өткізіліп тұрады, олардың көпшілігі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялана бермейді. Көктемгі мереке қарсаңы — тәртіп сақшыларының халық дәстүрлері мен ұлттық рухқа адалдығын тағы бір мәрте айқындайтын мүмкіндік.