
Полиция қызметінде қандай биіктерге жетуге болатынын Петропавл қаласындағы №17 Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінің 6-сынып оқушылары Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері Дарина Билденовамен кездесуде білді.
Биыл Дарина Дубайда өткен арнайы бөлімшелердің халықаралық жарысы — UAE SWAT Challenge 2026 турнирінде Қазақстанның «Tomiris» әйелдер құрамасының жеңісті өнер көрсетуіне қатысушылардың бірі болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар оған мерзімінен бұрын полиция майоры арнайы атағы берілді.
Оқушылар Даринаның беделді жарыстар туралы әңгімесін қызығушылықпен тыңдады. Залда 2025 жылдың мамыр айында ашылған «Жас сақшы» құқық қорғау бағытындағы сыныптың оқушылары да болды. Бұл сыныпта заңгерлік мамандықтарға түсуге және Заң мен Тәртіпті қорғау қызметіне дайындалып жүрген ұлдар мен қыздар білім алады.
Дарина полициядағы қызметін 2019 жылы «102» арнасының операторы болып бастады. 2021 жылы жақсы дене дайындығының арқасында элиталық бөлімше — СҚО ПД жедел әрекет ету арнайы жасағына ауысты. Ол бұл қызметке бала кезінен дайындалған. Дегенмен оның мектеп жылдарында қазіргі сияқты полиция қызметкерлері мен ведомство ардагерлері сабақ жүргізетін «полициялық сыныптар» болмаған. Даринаға әкесінің үлгісі үлкен әсер етті: ол учаскелік инспектор, кейін жедел уәкіл болып қызмет атқарып, зейнетке Тимирязев ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары лауазымынан шыққан. «Әкеме қарап, мен де халық пен мемлекетке қызмет ететінімді, иығыма полиция погонын тағатынымды әрдайым білетінмін», — дейді Дарина мақтанышпен.