
Ішкі істер органдарындағы 15 жылдық қызмет — бұл жай ғана еңбек өтілі емес. Бұл — әртүрлі бөлімшелерден өтіп, кәсіби тәжірибе мен мінезді шыңдаған үлкен жол. Бүгінде осы жол Қымбат Садвақасованы Петропавл қаласы полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесіне алып келді. Мұнда өздерін қорғауға қауқарсыз жандар — балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Қымбат Садвақасова қызмет жолын Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында бастаған. Ол мемлекеттік және ерекше маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысты. Дәл осы жерде тәртіп пен төтенше жағдайға әрдайым дайын болу полиция қызметкері үшін жай талап емес, күнделікті қажеттілік екенін түсінді.
Кейін ол әйелдерге арналған түзету мекемесіне қызметке ауыстырылды. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі жұмыс оның кәсіби өміріндегі маңызды сынақ әрі үлкен тәжірибе мектебі болды. Қымбат бір ғана қате шешім адамның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберетінін талай рет көрді. Әсіресе балаларға қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған әйелдердің тағдыры оған ауыр әсер қалдырды. Өзі де үш баланың анасы болғандықтан, бұл жағдайлар оны терең ойға қалдырды. Сол кезде ол мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу қажеттігін айқын түсінді.
Бүгінде оның қызметтік аумағы — Петропавл қаласындағы Жұмысшы кенті. Бұрын мұнда да жасөспірімдер кешке дейін көшеде жүріп, ұсақ бұзақылықтар орын алып тұратын. Алайда жүйелі профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жағдай айтарлықтай өзгерді. Қазір балалар кешкі уақытта үйде болуы керектігін біледі, соның арқасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі төмендеді.
Ювеналдық полиция инспекторының жұмысы тек профилактикалық әңгімелермен шектелмейді. Ол сондай-ақ жабық есіктің ар жағында балаларды суық, аштық немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық күтуі мүмкін отбасыларға рейдтер жүргізеді.
Бұл қызметте қауіп-қатер де жоқ емес. Кейде қолайсыз отбасыларда инспекторды дұшпандықпен қарсы алып, қорқытып-үркіту немесе тіпті ас үй пышақтарын қолдану жағдайлары кездеседі. Осындай сәттерде баланың да, өзінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сабырлылық пен батылдық аса маңызды.
Қымбат Садвақасова үшін бұл — жай ғана қызметтік міндет емес, жеке миссия. Ол мұғалімдермен, әлеуметтік қызметкерлермен және ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеп, әрбір баланың айналасында қауіпсіз орта қалыптастыруға күш салады.
Осындай адамдардың адал еңбегі қоғамдағы «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтады. Көпшілікке көзге көрінбейтін бұл жұмыс шын мәнінде аса маңызды. Дәл осы еңбектің арқасында мыңдаған жасөспірім дұрыс жолды таңдап, қалыпты әрі қауіпсіз болашаққа қадам басуға мүмкіндік алады.