СҚО Полиция департаментінде әйел-офицерлер мен қызметкерлердің аналары құттықталды

СҚО Полиция департаментінде әйел-офицерлер мен қызметкерлердің аналары құттықталды

Көктемнің шуақты күнінде иықтарына погон таққан әйелдер жағымды себеппен қызметтік міндеттерінен уақытша қол үзді. Таңертеңнен бастап әріптес ер-азаматтар оларды гүл шоқтарымен қарсы алып, жылы лебіздерін білдіріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мектеп оқушылары сарайында өткен салтанатты жиында СҚО Полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов полиция қатарында қызмет атқарып жүрген барлық әйелдерді алдағы 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Ол әйелдердің Заң мен Тәртіпті нығайтуға қосып жүрген үлесін атап өтіп, іскерлік, ұқыптылық, сезімталдық пен таңдаған жолына адалдық секілді қасиеттердің маңызын ерекше атап өтті.

Мерекелік бұйрыққа сәйкес 30-дан астам қызметкер мен полицейлердің аналары марапатталды. Олардың тоғызына арнайы атақтар беріліп, медальдармен және төсбелгілермен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен наградталды. Қалалық полиция басқармасы штабының бастығы Қымбат Қасымғожинаға «полиция полковнигі» арнайы атағы табысталды. Ішкі істер органдарының ардагері Зауре Рахимбекова «Ардагерлер қауымдастығына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар полиция полковнигі Жусупов СҚО Полиция департаментінің Алғыс хаттарын тоғыз полицейдің анасына табыстады. Олардың қатарында көпбалалы ана Сартас Байзакова бар. Оның екі ұлы — полиция қызметкерлері, тағы екі ұлы — Ұлттық ұлан офицерлері. Марапатталғандардың арасында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің жұбайы Ольга Гордеева да болды. Бүгінде әкесінің жолын оның ұлы Данил жалғастырып, Жамбыл ауданының полиция бөлімінде жедел уәкіл қызметін атқарады.

Кейін Ақан сері атындағы облыстық филармония сахнасында мерекелік концерт өтті. Онда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің құттықтау жеделхаты оқылды. Әйел-полицейлерді СҚО ПД Мәдениет орталығының вокалдық және би топтарының әртістері, «Arai Kids» студиясының жас өнерпаздары, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева әсерлі өнерлерімен қуантты.