СҚО-да күштік құрылымдардың әйел қызметкерлері арасындағы волейбол жарысының жеңімпаздары анықталды

СҚО-да күштік құрылымдардың әйел қызметкерлері арасындағы волейбол жарысының жеңімпаздары анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында күштік құрылымдарда қызмет ететін әйел қызметкерлер арасында өткен екі күндік волейбол жарысы қорытындыланды. Алаңда ең үздік нәтиже көрсеткен – облыстық полиция департаментінің командасы. Екінші орынды Ұлттық ұлан академиясының құрамасы иеленді. Үшінші жүлделі орынды тартысты бәсекеде Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жеңіп алды.

Жарыстың үздік либеросы аталымы Ұлттық ұлан академиясының өкілі Ардақ Макеноваға берілді. Үздік байланыстырушы ойыншы деп құтқарушы Айжан Жұмабаева танылды. Ал үздік шабуылшы атағын Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Эльмира Джусупова иеленді.

Аталған жарыстың бастамашысы – облыстық полиция департаментінің басшылығы. СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Абай Жусупов жүлдегерлерді құттықтап, кубоктар мен дипломдарды, сондай-ақ бағалы сыйлықтарды табыстады. Жеке номинациялар бойынша үздік атанған қатысушылар медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Бұл – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған жаңа форматтағы спорттық шара. Ол көктемнің шуақты мерекесін, салауатты өмір салтын насихаттауды және жоғары дене дайындығы мен мықты командалық рухты талап ететін қызмет ерекшелігін ұштастырады.