
Ұрланған малды өткізу арналарын болдырмау – мал ұрлығына қарсы күрестегі негізгі тетік. Солтүстік Қазақстан облысында «Мал ұрлығы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Алғашқы күні полицейлер ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп 127 автокөлікті, мал және ет өнімдерін өткізетін 34 орынды, 87 шаруа қожалығын, жайылымдық нүктелер мен фермаларды тексерді. Ветеринария саласында 6 құқық бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар малды қараусыз жіберудің 26 дерегі тіркеліп, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары ескертеді: малды бақылаусыз жаю қылмыскерлер үшін қолайлы жағдай туғызады. Мәселен, Есіл ауданының полиция бөлімі 25 жылқының жоғалу фактісі бойынша тексеру жүргізуде. Жылқылар қараусыз жайылымнан жоғалған, ал иесі полицияға бірден жүгінбеген. Жауын-шашын іздерді жасырып кеткендіктен, тексеру белгілі бір уақытты талап етеді.
Аққайың ауданында тексеру барысында полицейлер 49 жастағы ауыл тұрғынынан тіркелмеген «ИЖ-27» тегіс ұңғылы мылтығын тәркіледі. Қару шаруашылық құрылыста сақталған. Ер адам оны өткен жылдың қазан айында орманнан тауып алғанын айтқан. Қару сараптамаға жіберілді, нәтижесіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік мәселесі шешіледі.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары мал ұрлығының жолын кесуге бағытталған жеке жоспар бойынша жұмыс істеуде. Аудандардан ет өнімдері қала базарларына негізінен түнгі және таңғы уақытта жеткізілетіндіктен, негізгі автожолдарда бақылау күшейтілді. Тексерулер криминалдық полиция қызметкерлері және ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп жүргізілуде.
«Мал ұрлығы» іс-шарасы жалғасуда. Оның мақсаты – мал иелерін ұрлықтан, ал тұтынушыларды сапасына ешкім кепілдік бермейтін заңсыз өнімнен қорғау.