ӨМІР ЖОЛЫНА КІМ ШЫҒАРАДЫ

ӨМІР ЖОЛЫНА КІМ ШЫҒАРАДЫ

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі алты айдан аспайтын жас қызметкерлерге 63 тәлімгер бекітілген. Жеті еңбегі сіңген ардагерден құралған Тәлімгерлер кеңесі жұмыс істейді. Олар облыстық полиция ведомствосының барлық іс-шараларына белсенді қатысады. Заң мен Тәртіп сақшыларының күрделі қызметінде тәжірибе алмасу мен сабақтастықтың қаншалықты маңызды екенін СҚО ПД тергеу жұмысының үздік кәсіби мамандарының бірі, отставкадағы полиция полковнигі Хайдар Қашеновтің өмір жолы айқын көрсетеді.

Хайдар Ысқақұлына тергеу саласындағы 30 жылдық мерейтойына бір ай ғана жетпей қалды. «Мен бір күн де басқа қызметте жұмыс істемегенімді мақтан тұтамын, — дейді ІІМ-нің құрметті ардагері. — Тергеу — бұл элита. Істі сотқа жолдай отырып, тергеу басқа қызметтердің жұмысын қорытындылайды. Тергеуші жұмысы терең білім мен жоғары деңгейдегі тәртіпті талап етеді. Өзінің дағдысының арқасында тергеуші кез келген басқа бөлімшеде табысты еңбек ете алады. Алайда тергеу жұмысының күрделілігі мен жүктемесіне кез келген адам төтеп бере алмайды».

Хайдар Қашенов 1951 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Ол майдангер, өртке қарсы қызметтің қызметкері Ысқақ Қашеновтің отбасындағы бес баланың бірі болды. 16 жасынан Атқарушы механизмдер зауытында еңбек етті. Алайда жаны үлкен мақсаттарды қалады. Белсенді әрі жауапты мінезі оны комсомол белсенділерінің қатарына алып келді. Хайдар Ысқақұлы спорт бағытына және жедел комсомол жасағының жұмысына жауап берді.

Кешкі сағат бесте станогын өшіріп, жетіде қоғамдық тәртіпті күзетуге шығатын. Қолдарына «ОКД» таңбалы таңғыш таққан жастар милиция қызметкерімен бірге Петропавл көшелерін патрульдеді. Маскүнемдіктің, қақтығыстардың, бұзақылық әрекеттерге ұласуы мүмкін жағдайлардың алдын алатын. Жауапты нысандардың бірі — қала жастары жиналатын мәдениет және демалыс саябағындағы би алаңы болды.

Милиция жұмысына осылайша көз сала жүріп, Хайдар Қашенов бұл мамандықтың өзінің мінезіне сай келетінін біртіндеп түсінді. Ол адамдарды қорғауды, әділдіктің орнауына үлес қосуды қалады. Жас жігіт есейген сайын арманы да нығая түсті. 1974 жылы, 23 жасында, комсомолдың жолдамасымен Волгоград қаласындағы Жоғары тергеу мектебіне оқуға түсті.

Әкесі оған: «Адал бол және сүрінген адамға ешқашан жоғарыдан қарама», — деп өсиет айтқан. Бұл сөздер Хайдар Қашеновтің бүкіл өмірлік ұстанымына айналды. Әсіресе жаппай тонау, адамға қарсы қылмыстар, қарақшылық өршіген, бұрын тек естіп жүрген «тапсырыспен кісі өлтіру» секілді қылмыс түрлері пайда болған тоқсаныншы жылдары бұл қағида берік рухани тірек болды.

«Өмір жолына кім шығарып салатыны және жолда кім қолдау көрсететіні көп нәрсені шешеді, — дейді Хайдар Ысқақұлы. — Волгоградта бізге ең мықты оқытушылар сабақ берді. Мектеп 1967 жылы ғана ашылған болатын. Күшті профессорлық-оқытушылық құрам жасақталды. Бұл — майдангерлер буыны еді, ұстаздарымыздың көбі Ұлы Отан соғысынан өткен. Олар бізге тек пәнді ғана емес, адалдықты, табандылықты, жанқиярлықты үйретті. Олардың қандай қиындықтардан өткенін біле отырып, бар күшіңді салмау мүмкін емес еді».

Ал күш салу қажет болатын. Тергеуші барлық саланы меңгеруі тиіс. Курсантар жедел-іздестіру қызметін, криминалистиканы, сот медицинасын, сот бухгалтериясын және басқа да көптеген пәндерді оқыды. Сараптамалар жүргізуді, фототүсірілім жасауды, фотосуреттерді айқындауға дейінгі процесті меңгерді. Машинкамен теру курстарынан өтті, кейбірі тіпті жазу машинкасында «соқыр» әдіспен теруді үйренді.

1978 жылы Хайдар Ысқақұлы Солтүстік Қазақстан облысына оралып, сол кездегі СҚО ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Ғазиз Мусиновтың жетекшілігімен қызметке кірісті. Тергеу жұмысына тәжірибелі Қобылан Хамзин жетекшілік етті.

«Мусиновтен кейін бөлімді Николай Колесников басқарды. Мен онымен 20 жыл бірге жұмыс істедім, оның 12 жылында орынбасары болдым. Ол мен үшін тек басшы емес, аға жолдас, кейін жақын досқа айналды, қазірге дейін араласамыз, — дейді Хайдар Қашенов. — Кез келген тәжірибелі тергеуші жас маманды қолдайтын, бірақ алғашқы қадамдарымды жасаған кезеңде дәл осы адамдарды өзімнің басты ұстаздарым деп атай аламын».

Хайдар Ысқақұлы қатардағы тергеушіден облыстық ІІБ бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Қызмет күрделі ме? Оның пікірінше, әрі иә, әрі жоқ.

«Тергеуші жұмысының ең бастысы — тәртіп, ал ол Қылмыстық-процестік кодексте нақты жазылған. Егер оны жетік білсең және бір қадам да ауытқымасаң, мәселе туындамайды. Бірақ тек тәжірибемен келетін дүниелер бар. Мысалы, беттестіру жүргізгенде қатысушылардың психологиясын ескеру маңызды. Бір ауыл шаруашылығы кәсіпорнындағы ұрлық ісін есіме аламын — жас тергеуші ретінде беттестіруді дұрыс жүргізбедім. Бұрынғы басшы болған күдікті куәгерді моральдық тұрғыдан басып, өз нұсқасын таңды, ал мен оны дер кезінде тоқтата алмадым. Ақырында қылмыскер жазадан құтылған жоқ, бірақ қосымша жұмыс жүргізуге тура келді».

Қиындықтың бірі — жұмыс режиміне физикалық тұрғыда төтеп беру. Кешкі сегізде кабинетті жапқан күн «сәтті күн» саналған кездер болды. Жылына 280 күнге дейін іссапарда жүрген — тергеулер бойынша да, аймақтық бақылау желісі бойынша да, жергілікті жерлерде жұмысты ұйымдастыру мақсатында да.

Бірде ол Қарлығаш есімді тамаша жанды жолықтырғанын бүгінде өзі де таңданыспен еске алады. Қызметтің қарбалас кезеңдерінде, үздіксіз іссапарлар мен үлкен жауапкершілік жүктелген жылдары Қарлығаш сенімді тірек бола білді. Онсыз өмірі толық болмас еді. Ол әрдайым отбасының берекесін сақтап, мықты тыл бола білді.

Дегенмен тергеушілер нағыз ауыр кезеңді 1990-жылдары бастан өткерді. Қылмыстың күрт өсуі, мамандардың кетуі, ведомстволық бағыныстылықтың өзгеруі нәтижесінде қаржылық және сыбайлас жемқорлық қылмыстары да ішкі істер органдарына өтті. Ал техникалық база тіпті сол кезеңнің өзінде ескірген болатын.

«Қазіргі компьютер мен смартфон ортасында өскен қызметкерлерге цифрландырудың еңбекті қаншалықты жеңілдеткенін елестету қиын. Ол кезде тергеушінің негізгі құралы жазу машинкасы еді, — дейді Хайдар Қашенов. — Бүгінде мемлекет полиция жұмысына заманауи техниканы енгізуге ерекше көңіл бөліп отырғанын көру қуантады».

Ішкі істер министрлігінің тәлімгерлік институтына назар аударуы да оны қуантады. Әр өңірлік департамент жанындағы Тәлімгерлер кеңесін ол буындар сабақтастығының сенімді кепілі деп санайды.

«Мен әрқашан жас қызметкерлерді тәрбиелеуге ерекше мән бердім, өзімді өмір жолына шығарып салған, мамандыққа жетелеген адамдардай болуға тырыстым, — дейді Хайдар Ысқақұлы. — Ең қиын жылдары облысымызда ең сенімді тергеу кадрлары қалыптасты әрі шыңдалды. Менің шәкірттерім кейін басшылық лауазымдарға дейін өсті, облыстық полиция бастығының орынбасарлары болды».

2002 жылы полиция полковнигі шенінде құрметті демалысқа шықты. ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, бірқатар ведомстволық медальдармен марапатталған, СҚО ПД Құрмет кітабына енгізілген ол Заң академиясында сабақ берді, жас қызметкерлерге тәлімгер болды. 2003–2010 жылдары Петропавл қалалық сотының судьясы, кейін 2021 жылға дейін адвокат болып жұмыс істеді. Осы жылдары жас тергеушілермен жиі кездесіп, кәсіби деңгейдің әлі де жоғары екенін қуана атап өтті.

«Бұрынғыдай бұл қызметте ең білімді, сауатты полиция қызметкерлері еңбек етеді. Бұл — біздің буынның мақтанышы: қазіргі тергеушілерді тәрбиелеген ұстаздарды біз тәрбиеледік», — дейді ол.

Бүгінде Хайдар Ысқақұлы екі баласы мен үш немересінің жетістіктеріне қуанып отыр. Оның пікірінше, өмір жолына шығарып салған, қолдау көрсеткен жандарымен мақтана алатын адам — бақытты жан.