
Ең қарқынды жол учаскелерінде күн сайын рейдтер өтуде: солтүстікқазақстандық полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша күшейтілген профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жуырда Тайынша ауданының Келлеровка ауылы маңында полиция бөлімшелерінің басшылары транзиттік жүк көліктері жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауын тексерді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 56 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, 70 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Қайғылы статистиканы азайту үшін полиция күн сайын кешенді шаралар қабылдауда.
Жүйелілік пен жеке үлгі — профилактиканың негізі. Қалааралық тасжолдарда тек патрульдік экипаждар ғана емес, облыстық және аудандық бөлімшелердің басшылары да жұмыс істейді. Кеше кешкісін «Астана — Петропавл» автожолының Келлеровка ауылы маңындағы учаскесінде ауқымды акция өтті. Бұл бағытта қозғалыс қарқыны жоғары: мұнда DAF, Shacman және КАМАЗ маркалы ауыр жүк көліктері тәулік бойы транзитпен қатынайды. СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәурен Ибраев және патрульдік полиция батальонының командирі Рүстем Испердинов ондаған жүргізушімен жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Негізгі талаптар — жылдамдық режимін қатаң сақтау, рөлде смартфон қолданбау және міндетті демалыс. Сондай-ақ полицейлер SMS-хабарламалардың маңызын еске салды: өңірдің солтүстігінде көктайғақ пен боран кез келген сәтте тосыннан туындауы мүмкін.
«ІІМ тапсырмасын орындау мақсатында облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша акция жалғасуда. Профилактика күшейтілген режимде жүргізілуде: қозғалыс ең қарқынды кезеңдерде — 20:00-ден 23:00-ге дейін және таңғы 4:00-ден 7:00-ге дейін — инспекторлар бөлімше басшыларымен бірге көліктерді профилактикалық тоқтатуды жүзеге асырады. Жүргізушілермен әңгімелесу барысында негізгі назар басып озу мен маневр жасау ережелеріне, сондай-ақ рөлде смартфон қолданудың мүлде жол берілмейтініне аударылады», — деп атап өтті Алтынбек Жамалиев.
Түсіндіру жұмыстарымен қатар трассалардағы тәртіпті техникалық құралдар да күшейтуде: патрульдік көліктің жарық сигналын еліктейтін жалған маяктар, жануарлар мен жаяу жүргіншілер макеттері орнатылған. Бұл шаралар жүргізушілерді орта есеппен 20 пайызға жылдамдықты төмендетуге мәжбүр етеді. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын алдын алу үшін құқық қорғау органдары ұшқышсыз ұшу аппараттарын да белсенді қолдануда. Дегенмен жол апаттары, әсіресе демалыс күндері, әлі де тіркелуде. Полиция ескертеді: жол қателікті кешірмейді. Рөлдегі қатаң тәртіп пен жауапкершілік ғана сіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтайды.