
Солтүстік Қазақстанда суық ауа райы сақталуда. Салқындап кету салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу және криминогендік ахуалды тұрақтандыру мақсатында СҚО аумағында «Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Таңертеңнен бастап Петропавл қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орнының қызметкерлері жылу желілері бойында, жертөлелерде және тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар жиі жиналатын басқа да орындарда рейдтер жүргізуде. Анықталған азаматтар жеке басын анықтау, хабар-ошарсыз кеткендер мен қылмыс жасады деген күдікке ілінген тұлғалардың тізімдері бойынша тексеру үшін қабылдап-тарату орнына жеткізіледі.
Жеткізілген әр азамат құжаттарын қалпына келтіру, жұмысқа орналасу және өзге де мәселелер бойынша көмек алу үшін әлеуметтік бейімдеу орталығына жүгіну мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, үйсіз азаматтардың аяздан паналауына арналған түнгі болу пункті жұмысын жалғастыруда.
Қаңтар айында қабылдап-тарату орнының, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және полицияның басқа да қызметтері қаңғыбас және үйсіз азаматтарды сәйкестендіру және есепке қою үшін 153 рет жеткізді.
Жедел-профилактикалық іс-шара 25-27 ақпан аралығында өтуде. Негізгі мақсаттары — әлеуметтік және құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту.