СҚО-да полицейлер жолдағы қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектесуде

СҚО-да полицейлер жолдағы қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектесуде

«Жарайсыңдар, жігіттер!» — деп Петропавл қаласының тұрғыны әлеуметтік желідегі бейнежазбасына пікір қалдырған. Бейнекадрларда полицейлер Интернациональная және Батыр Баян көшелерінің қиылысында автобусты итеріп жатқан сәт көрсетілген.

19 ақпан күні таңертең көше-жол желісінің осы қарқынды бөлігінде жанармайдың қатып қалуына байланысты қалалық бағыттардың біріне қызмет көрсететін автобус тоқтап қалды. Соның салдарынан жолда кептеліс пайда болды. Бұл жағдайды патрульдеу бағытына бет алған қалалық патрульдік полиция батальонының аға инспекторлары, полиция капитандары Саян Тұрсұмбаев пен Әлім Маликов байқады. Олар қызметтік нұсқаулықтан кейін патрульдеу бағытына бара жатқан. Жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін тәртіп сақшылары екі жүргізушімен бірге автобусты қиылыстан итеріп шығарды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткеннен кейін полицейлер қала көшелерін патрульдеуді жалғастырды, ал жолаушылар көлігіне арнайы техника көмекке келді.

Одан бір күн бұрын «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде полицейлер 32 жастағы Ресей азаматына көмектесті. Оның «Hyundai» автокөлігінің дөңгелегі жарылған. Полицейлер жүргізушіні шиномонтаж шеберханасына жеткізіп, кейін дөңгелекті орнына қоюға көмектесті. Осыдан кейін шетелдік азамат жолын қауіпсіз жалғастырды.

Полицейлер жүргізушілерге еске салады: көліктің техникалық жай-күйін үнемі бақылау, жедел жөндеуге қажетті құралдарды алып жүру, қысқы жолдарда жоғары қырағылық таныту және Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтау қажет.