СҚО-да үздік тергеуші мен анықтаушы марапатталды

СҚО-да үздік тергеуші мен анықтаушы марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жусупов 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың үздік тергеушісі мен анықтаушысына естелік мүсіншелер табыстады. Бұл атақтарға Петропавл қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Полина Несина және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің анықтау тобының анықтаушысы Владислав Расюк ие болды.

Полина өзін үлкен көлемдегі материалдармен жұмыс істей алатын, күрделі әрі көпэпизодты, соның ішінде қоғамда резонанс тудырған қылмыстарды мұқият ашатын білікті әрі жауапты маман ретінде көрсетті. Жәбірленушілер оның кәсібилігі мен адамгершілік қасиеттерін атап өтіп, бірнеше рет алғыс білдірген.

Владислав та азаматтардың өзекті мүдделерін қорғау бағытында тұрақты жұмыс атқарады. Өткен жылы ол жалақы төлемеу фактілері бойынша төрт істі жүргізді, сондай-ақ өндірістік жарақат алу жағдайларын тергеді. Бұдан бөлек, ол жол-көлік оқиғаларын, ұрлықтарды, құжаттарды қолдан жасау деректерін және басқа да құқық бұзушылықтарды тергейді.

Тергеу және анықтау бағытындағы үздік қызметкерлер жыл сайын аяқталған өндірістер саны, тергеу сапасы, қызметтік тәртіп және өзге де критерийлер негізінде анықталады. Үздік атағын алу — адал еңбек, кәсібилік және қылмыспен күрестегі принципшіл ұстанымның лайықты бағаланатынын білдіреді.