Петропавлда үйлерді басқарушылармен қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Петропавлда үйлерді басқарушылармен қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылы полицейлер құқық бұзушылықтардың 39 дерегін, оның ішінде 19 ұрлықты, тәртіп сақшылары мен мүлік иелері бірлестіктері және пәтер иелері кооперативтері төрағалары арасындағы ортақ чаттардың жұмысы нәтижесінде ашты. Ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Солтүстік Қазақстан университетінің ғимаратында өткен кездесуде талқыланды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев 2 наурыздан бастап «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы күшіне енетінін еске салды. Заңның 36-бабы мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының полициямен өзара іс-қимыл саласын нақты айқындайды.

Бұл, ең алдымен, құқық бұзушылықтар туралы, соның ішінде есірткі жарнамасы («наркограффити») фактілері жөнінде уақтылы хабарлау, интернет-алаяқтықтың алдын алуға жәрдемдесу. Көп жылдан бері учаскелік инспекторлар үй басқарушыларымен тығыз жұмыс істеп келеді: Петропавлда «WhatsApp» мессенджерінде 758 үйлік және аула чаттары құрылған, оларға 177 мыңнан астам адам қатысады.

Сондай-ақ төрағалар нысандардың техникалық қауіпсіздігін күшейтуге үлес қоса алады. Бүгінде Петропавлдағы 1227 көпқабатты тұрғын үйдің тек 432-сінің кіреберістерінде бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажет. Жақсы жарықтандырылған аула мен жабдықталған кіреберіс ұрлық, тонау, вандализм және өзге де қылмыстар тәуекелін төмендетеді.

Кездесуге Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова қатысты. Ол төрағалар мен полицейлер арасындағы тұрақты диалогтың жоғары тиімділігін атап өтті.

Жаңа заң қауіпсіздік тек полицияның міндеті ғана емес, мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі деген қағидатқа негізделген. Полицейлер атап өткендей, құқық бұзушылықтардың алдын алу — қоғам тұрақтылығына салынған инвестиция, Заң мен Тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды жұмыс.