
Әлеуметтік желілерде жүргізушілердің қырағылығы мен өзара көмегінің арқасында ауыр жол-көлік оқиғасының алдын алу мүмкін болған сәт түсірілген бейнежазба кеңінен тарады. «Астана — Петропавл» автожолының 395-шақырымында 38 жастағы «Shacman» жүк көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Оның артынан келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі қарсы бағытта әріптесінің «DAF» көлігімен қозғалып келе жатқанын біліп, рация арқылы дер кезінде ескерткен. Нәтижесінде «DAF» жүргізушісі соқтығысудан сытылып кетті.
Полицейлер жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ер адам қардың ұйытқуы салдарынан бағытынан жаңылғанын түсіндірді.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында құбылмалы ауа райы жағдайында осындай оқиғалардың тәуекелін азайту мақсатында полицейлер профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, іс жүзінде әрбір автокөлікті тоқтатуда. Жұмыс тәуліктің ең қауіпті уақыттарында — кешкі сағат 20:00-ден 24:00-ге дейін және таңғы 04:00-тен 07:00-ге дейін жүргізіледі. Рейдтерге аудандық полиция бөлімшелерінің бастықтары, сондай-ақ облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев қатысуда.
«Маусымаралық кезең жақындап келеді, облыс жолдарында боран, көктайғақ, қар құрсауы болуы мүмкін. Біздің мақсат — жазалау емес, жүргізушілерді қауіп-қатерлер туралы алдын ала ескерту. Сондай-ақ жылдамдықты асыру мен көлік жүргізу кезінде телефон қолданудың аса қауіпті екенін еске саламыз. Өзін жайсыз сезінген жағдайда жақын маңдағы кемпингте демалуды қатаң ұсынамыз», — дейді полиция полковнигі Жұмалиев.
Қаңтар айында СҚО аумағында 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды. Оның ішінде 7 апат республикалық маңызы бар автожолдарда орын алған: 6 адам қаза тауып, 9 адам түрлі жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы полиция жұмысы «Заң мен Тәртіп» қағидаттары аясында жүйелі түрде жүргізілуде.