
Солтүстік Қазақстан облысында «Батыс» бақылау-өткізу бекетінде полиция қызметкерлері Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны басқарған «Lada Granta» автокөлігін тоқтатты. Ол есірткі заттарын интернет арқылы сатумен айналысатын заңсыз «наркошоптардың» біріне жұмыс істеді деген күдікке ілінді.
Көлікті тексеру барысында жалпы салмағы 405,36 грамм болатын α-PvP атты синтетикалық есірткі заты салынған орамалар тәркіленді. Бұл — биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында анықталған ең ірі синтетикалық есірткі партиясы.
Күдіктінің айтуынша, ол 2025 жылдың желтоқсан айында есірткіні жасырын орындарға қалдыратын «закладчик» ретінде заңсыз қызметке кіріскен. Кейін қылмыстық иерархияда «жоғарылау» мақсатында тасымалдаумен айналысуға келіскен. Алайда Қостанай қаласынан Петропавл қаласына психотроптық заттарды жеткізуге бағытталған алғашқы сапары соңғысы болды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.