
IT-мектеп-лицейіндегі «Жас сақшы» сыныбының оқушылары полицейлермен бірге түсіндіру акциясына қатысты. Петропавл қаласындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде тәртіп сақшыларымен бірлескен «жас полицейлер» келушілерге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг мәселесіне арналған ақпараттық брошюралар мен балалардың тақырыптық суреттерін таратты.
Сталкинг, яғни адамның соңына түсіп, қасақана әрі табанды түрде аңду — құқыққа қайшы әрекет екенін білу маңызды. Дене, психологиялық немесе өзге де зорлық-зомбылық фактілері туралы 111 бірыңғай республикалық сенім телефонына немесе «102» арнасы арқылы полицияға хабарлауға болады.
Отбасыны қолдау орталығы және Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп ұйымдастырылған акция 15–22 ақпан аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында өтіп жатқан «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.
Екі күн ішінде облыс аумағында полицейлер тұрғылықты мекенжайы бойынша 800-ге жуық проблемалық отбасын тексерді. Нәтижесінде 113 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 34 отбасылық жанжал және қоғамдық орындарда мас күйінде жүрудің 17 дерегі тіркелді. Анықталған фактілер бойынша 72 қорғау нұсқамасы шығарылып, 29 құқық бұзушыға қатысты соттар мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі.