
Сенбіге қараған түні Петропавл қаласында криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ауқымды рейдтік іс-шара өтті. Ерекше бақылауға ойын-сауық орындары, заңсыз әрекеттерге бейім мекенжайлар және профилактикалық есепте тұрған тұлғалар алынды.
Жалпы 68 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, олардың 28-і, яғни жартысына жуығы, алкогольге қарсы заңнаманы бұзуға қатысты. Мәселен, сот шешімімен спирттік ішімдік ішуге тыйым салынған 15 адамның төртеуі мас күйінде анықталды.
Сонымен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған екі қала тұрғынының да алкоголь тұтынғаны белгілі болды. Бұл санаттағы азаматтарға да ішімдік ішуге тыйым салынған. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Алкоголь өнімін сатуға лицензиясы бар дүкендердің біріне айыппұл салу және лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру қаупі төніп тұр. Аталған сауда нүктесінде 21 жасқа толмаған сатып алушыға сыра сатылған.
Сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйінде болған 21 дерек анықталды. Проблемалық мекенжайларды тексеру барысында екі отбасылық жанжал тіркелді.
Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, алкогольге қарсы заңнаманы бұзу фактілері криминогендік ахуалға елеулі әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Заң мен Тәртіп қағидаттарын нығайту мақсатында мұндай рейдтер тұрақты түрде өткізілетін болады.