Солтүстікқазақстандық полиция мен педагогтер — жастар тәртібін нығайту жолында

Солтүстікқазақстандық полиция мен педагогтер — жастар тәртібін нығайту жолында

Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, қоғамдық орында темекі тұқылын тастау немесе былапыт сөз айту қандай жауапкершілікке әкеледі? Бұл туралы Жоғары құрылыс-экономикалық колледж студенттері полиция қызметкерлерімен өткен кездесуде білді. Іс-шараны құқықтық пәндер оқытушысы, бұрын полиция офицері болған Александр Лобода ұйымдастырды. Кездесуге бірінші және екінші курс студенттері қатысты, олардың басым бөлігі кәмелет жасына толмаған.

Александр Фёдорович қоғамдық тәртіпті бұзу деректері тіркелген бейнематериалдарды көрсетті. Онда кейбір студенттердің құқық бұзушылық әрекеттері бейнеленген. Оның өтінішімен колледж қонақтары — учаскелік инспекторлар қызметі мен патрульдік полиция қызметкерлері бейнежазбаларға түсіндірме беріп, әрбір құқық бұзушылықтың құрамын және көзделген айыппұл мөлшерін нақтылады.

Қоғамдық орында былапыт сөз айту — ұсақ бұзақылық болып саналады. Ол үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдан (20 мың теңгеден астам) бастап 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Қоғамдық орында темекі шегу шамамен 65 мың теңге айыппұл салуға әкеледі. Ал темекі тұқылын арнайы орыннан тыс жерге тастау немесе жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өту 43 мың теңгеден астам айыппұлға соқтыруы мүмкін.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың жиі жіберетін қателіктерін және олардың ықтимал салдарын түсіндірді. Студенттер алдында криминалист сөз сөйлеп, суық қаруды заңсыз алып жүру жауапкершілігі туралы айтып берді.

Колледж басшылығы әзірге тек студенттерге көрсетілген профилактикалық бейнеролик үзінділерін алдағы уақытта ата-аналар жиналыстарында да ұсыну мүмкіндігін қарастыруда. Педагогтер мен полицейлердің пікірінше, тек жүйелі әрі бірлескен жұмыс қана студенттік ортада Заң мен Тәртіп қағидаттарына құрметті нығайтуға мүмкіндік береді.