СҚО-да «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары жауынгер-интернационалистермен кездесті

СҚО-да «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары жауынгер-интернационалистермен кездесті

«Ауғанстан сіздерді қалай өзгертті?», «Қиын сәттерде күш-қуатты неден алдыңыздар?» — осындай сұрақтарды «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары Демократиялық Ауғанстан Республикасында және тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген полиция ардагерлерімен кездесуде қойды.

Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің акт залында «полицейлік сыныптардың» үш тобы жиналды. Иықтарында «Жас сақшы» белгісі бар оқушылар отставкадағы полиция подполковнигі Давыд Шнайдермен жүздесті. Ол мотатқыштар полкінің барлау ротасында қызмет атқарып, ауыр ұрыстарға қатысқан.

Кейін мектеп оқушылары алдында запастағы полиция аға лейтенанты Марат Айтымов сөз сөйледі. Ол Тәжікстан шекарасы арқылы қарулы топтар мен есірткінің өтуіне тосқауыл қоюға қатысқан. Кездесуді отставкадағы полиция капитаны Анатолий Слипецкий қорытындылады. Ол әскери жүргізуші болып қызмет атқарып, тау жолдарындағы ұрыстарға бірнеше рет қатысқан.

«Бұл ауыр тәжірибе маған өмірді, достықты, өзара көмекті және антқа адалдықты қадірлеуді үйретті», — деп атап өтті Красная Звезда орденінің иегері Давыд Шнайдер оқушылардың сұрақтарына жауап бере отырып.

Айта кету керек, оның ұлы Евгений де полиция қатарында қызмет етеді, ал немересі Давид «Жас сақшы» сыныптарының бірінде білім алуда. Жауынгер-интернационалистермен кездесу «полицейлік сынып» оқушылары үшін ерлік пен борышқа адалдықтың тағылымды сабағына айналды.

Бұл — Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуының 37 жылдығы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде ұйымдастырылған жалғыз іс-шара емес. Сондай-ақ оқушылар ведомстволық музейге экскурсия жасап, экспозициясының елеулі бөлігі ауған соғысы ардагерлеріне арналған бөліммен танысты. Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының ұйымдастыруымен мини-футболдан жарыс өтті. Департамент командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің командасы алды. Тартысты бәсекеде үшінші орынды Петропавл қаласы полиция басқармасының командасы жеңіп алып, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасын артта қалдырды.

Жалпы, әр жылдары СҚО полициясы қатарында 19 жауынгер-интернационалист қызмет атқарған. Сондықтан 15 ақпан — полиция қызметкерлерін патриоттық тәрбиелеу ісінде маңызы зор дата болып қала береді.