Жасөспірімдер және түнгі рейдтер: полиция жастарды қауіп-қатерден қалай қорғайды

Жасөспірімдер және түнгі рейдтер:  полиция жастарды қауіп-қатерден қалай қорғайды

2 ақпаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысының полициясы «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс жүргізуде. Ювеналдық полиция инспекторлары мен учаскелік инспекторлар күн сайын кешкі уақытта көшелерді патрульдеп, есепте тұрған отбасыларды тексереді. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімшелерінің қызметкерлері өрттің және жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын қатар жүргізуде.

Негізгі мақсат — кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу. Әсіресе түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде жүрген жасөспірімдерге ерекше назар аударылады.

Кезекті рейд барысында Петропавл қаласында Назарбаев көшесіндегі супермаркет маңынан 16 жастағы жасөспірім ересектерсіз ұсталды. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғанын көрсетті. Ата-анасына бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, ал жасөспірімге алкогольдік ішімдік ішкені және түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат жолданды.

Операцияның 10 күні ішінде тек Петропавл қаласының өзінде кәмелетке толмағандардың алкоголь тұтынуының 12 фактісі анықталды, түнгі уақытта ата-анасынсыз жүрген 35 жасөспірім жеткізілді, ата-аналық міндеттерді орындамаудың 17 дерегі тіркелді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы күнделікті жұмыс жалғасуда.