
Қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 33 фактісі тіркелді (өткен жылдың осы кезеңінде — 49). Оның 19-ы «банктен қоңырау шалу» тәсілімен жасалған. Бұл схема аясында қылмыскерлер түрлі сценарий құрып, жәбірленушіні сендіруге тырысады.
Әдетте бәрі «домофонды ауыстыру», «есептегішті тексеру», «емханадағы кезекті нақтылау» сияқты сылтаулармен басталатын қоңыраудан басталады. Негізгі мақсат — азаматты SMS арқылы келген кодты айтқызу. Осыдан кейін қылмыстық схеманың өзге қатысушылары әңгімеге қосылып, әлгі кодтың көмегімен алаяқтар оның шоттарына қол жеткізгенін, атына несие рәсімдегенін немесе тұрғын үйін саудаға шығарғанын хабарлайды.
Өзін «қорғау» үшін жәбірленушіге жинақ ақшасын шешіп алу, «айна несиелер» рәсімдеу, пәтерін шұғыл сату және барлық қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару ұсынылады.
Осындай тәсілмен 53 жастағы Петропавл тұрғыны пәтерінен айырылды. 2025 жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында ол «банк менеджерінің» нұсқауларын орындап, ақшаны кезең-кезеңімен алаяқтарға аударған. Тек қаңтардың басында ғана өзін алданғанын түсінген. Келтірілген шығын көлемі 18 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, іс полиция басшылығының бақылауында.
Маңызды: SMS арқылы келетін төрт таңбалы код өздігінен бөтен адамның атына несие рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Алайда ол кибералаяқтарға жеке деректерге қол жеткізуге жол ашады. Осындай мәліметтерді иеленген қылмыскерлер мемлекеттік орган қызметкерлерінің кейпіне еніп, жалған құжаттар дайындауы мүмкін. Мысалы, WhatsApp мессенджері арқылы жалған сатып алу-сату шартының жобасын жіберіп, жәбірленушіні пәтерін жедел сатуға көндіруге тырысады.
Полицейлер азаматтарды интернет-алаяқтардың айласына ермеуге, SMS-кодтарды ешкімге хабарламауға және белгісіз тұлғалардың қысымымен қандай да бір қаржылық операцияларды жасамауға шақырады. Күмән туындаған жағдайда дереу полицияға жүгініп, алынған ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеру қажет.