
9 ақпанда ауысым соңында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Арман Оразбай мен Владимир Моисеев «Жезқазған — Петропавл» автожолының апат қаупі жоғары учаскесінде қосылған жарқылдауық маяктарымен қызмет атқарып жүрген.
Сағат 19:00-ден кейін оларға «Chevrolet Niva» автокөлігінің жүргізушісі көмек сұрап жүгінді. Ер адам жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі екенін, жеке автокөлігімен Явленка ауылынан Петропавл қаласына толғағы басталған әйелді жеткізіп бара жатқанын айтып, жол бойында ілесіп жүруді сұраған.
Жағдайды бағамдаған полицейлер толғатып жатқан әйел мен акушерді жылдамдығы жоғары қызметтік «Hyundai» автокөлігіне ауыстыруды ұсынды.
Экипаждың аға қызметкері, полиция капитаны Арман Оразбай медицина қызметкеріне әйелді сабырға шақыруға көмектесті. Оның айтуынша, қажет болған жағдайда босандыруға да жәрдем көрсетуге дайын болған. Алайда мұндай қажеттілік туындамады: рөлде отырған полиция капитаны Владимир Моисеев қосылған жарқылдауық маяктар мен арнайы дыбыстық белгі арқылы әйелді он минутқа жетпейтін уақытта Перинаталдық орталыққа жеткізді. Ол жерде медицина қызметкерлері алдын ала күтіп алған.
Осыдан кейін патрульдік полиция қызметкерлері өз қызметтік міндеттерін орындауға қайта кірісті.