
Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды. Өткен демалыс күндері бұл статистикаға тағы екі жол апаты қосылып, үш адам көз жұмды. Жолдардағы жағдайды тұрақтандыру және ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция профилактикалық жұмысты күшейтті.
Полиция департаменті басшылығының тапсырмасы бойынша жолдарға күшейтілген нарядтар шығарылды. Қызметке патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар ғана емес, аудандық бөлімдердің бастықтары да тікелей тартылды. Аққайың ауданына қарасты, республикалық «Астана – Петропавл» тас жолы өтетін Астраханка ауылында жүргізушілерді полиция полковниктері — Полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев пен жергілікті полиция бөлімінің бастығы Пётр Климов жеке өзі тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өңірдің барлық аудандарында осындай рейдтер ұйымдастырылды.
«Жүргізушілермен профилактикалық жұмыс — біздің күнделікті міндетіміз, — деді Марат Жұмалиев. — Қазіргі уақытта жолдардағы, әсіресе кешкі мезгілде және көлік қозғалысы тығыз учаскелерде полицияның қатысуы күшейтілді. СҚО ПД патрульдік полиция батальоны жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғары уақыттарда — кешкі 20:00-ден түнгі 00:00-ге дейін және таңғы 4:00-ден 7:00-ге дейін — күшейтілген рейдтер өткізуде. Біздің міндет — айыппұл салу емес, адамдардың санасына уақытылы әсер ету. Профилактикалық рейдтерді түнгі уақытта өткізудің үш күні ішінде облыс бойынша шамамен бес мыңға жуық көлік тоқтатылып, жүргізушілер мен жолаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді».
Полицейлердің ұсынымдары баршаға ортақ: жылдамдықты асырмау, көлік жүргізу кезінде телефон қолданбау, шаршаған немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда кемпингте немесе қонақүйде тоқтап, демалу. Бақылау үшін барлық қолжетімді ресурстар пайдаланылады: жарқылдауық шамдары бар патрульдік автокөліктердің муляждары, жаяу жүргіншілер мен жануарлардың макеттері, интеллектуалды бейнекамералар, сондай-ақ квадрокоптерлер.
Соған қарамастан, тәжірибе көрсеткендей, ең ауқымды профилактикалық шаралардың өзі әрдайым толық нәтиже бере бермейді — жол-көлік оқиғалары, өкінішке қарай, адам шығынымен әлі де тіркелуде. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда барынша мұқият болуға және жолдың ең кіші қателікті де кешірмейтінін естен шығармауға шақырады.