
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 900 мың бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Мал мен ет өнімдерін бақылаусыз тасымалдау және сату мал ұрлығының жасалуына қолайлы жағдай туғызады. Осы қауіптердің алдын алу – алдағы үш күнге қойылған негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта 10–12 ақпан аралығында өңірде «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері ветеринариялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, мал сату және сою орындарында тексерулер жүргізуде, автокөліктерді тексеріп, құжаттардың заңдылығын қадағалауда. Сонымен қатар шаруашылықтар, фермерлік қожалықтар мен жайылымдық нүктелер ерекше бақылауға алынды. Облыстың шекаралас аудандарында мал мен ет өнімдерін Мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізудің жолын кесу мақсатында көршілес мемлекеттердің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары мал иелерін өз мүлкін қорғау шараларын күшейтуге, малды қараусыз, еркін жайылымға жібермеуге шақырады. Бұл – мал ұрлығына жағдай жасайтын негізгі факторлардың бірі. Қаңтар айында жүргізілген күнделікті профилактикалық жұмыс нәтижесінде өңірде қаңғыбас мал ұстағаны үшін 114 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.