
Аудандық мәдениет үйінің сахнасында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Мағжан Жұмабаев ауданының сегіз тұрғынын марапаттады. Алғыс хаттар Александр мен Ольга Потаповтарға, Алла-Берген мен Мәнсия Тұрлыбековтарға, Марат пен Айнагүл Құсаиновтарға, сондай-ақ Ақтан мен Бибігүл Базарбаевтарға табысталды. Тәртіп сақшылары осылайша олардың балаларын — аудандық полиция бөлімінде кіші сержанттан полиция аға лейтенантына дейінгі арнайы атақтарда қызмет атқарып жүрген қызметкерлерді — лайықты тәрбиелегені үшін ризашылықтарын білдірді.
Марапаттау рәсімі СҚО ПД қызметкерлерінің жастармен кездесуінде өтті. Қонақтар бітіруші сынып оқушыларын болашақ мамандық таңдауға байыппен қарауға шақырып, ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсуге үгіттеді. Полициядағы қызмет — бұл ертеңгі күнге сенімділік пен ерте зейнетке шығу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар қоғам өмірін қауіпсіз етуге үлес қосу, өзіңнің үздік қасиеттеріңді көрсету және халықтың алғысына бөлену мүмкіндігі екені атап өтілді.
Көмектің күтпеген сәтте қажет болуы мүмкін екенін аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ольга Кангозина айтып берді. 2021 жылдың қаңтарында сайлау учаскесінде кезекшілік атқара жүріп, ол фельдшерге шұғыл босануды қабылдауға көмектескен. Осы ерлігі үшін Ольга ҚР ІІМ-нің «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ жас көрермендерге кәсіби бағдар беру бейнероликтері көрсетіліп, арнайы жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды, жедел әрекет ету арнайы жасағының жауынгерлері көрсетілімдік өнер көрсетті. Кинолог-полицейлер төрт аяқты көмекшілерінің тыйым салынған заттарды табу қабілеттерін паш етті. СҚО ПД Мәдениет орталығының қызметкерлері патриоттық әндер орындады.
ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына орта білімі бар талапкерлер 16 жастан бастап қабылданады. Ақпаннан мамыр айына дейін оқуға түсуге ниетті азаматтар тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне немесе Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасына жүгінуі қажет. Мекенжайы: Петропавл қаласы, Алматинская көшесі, 55, 314-кабинет.