СҚО-да полицейлер қызметтік қаруды сақтау талаптарын тексеруде

СҚО-да полицейлер қызметтік қаруды сақтау талаптарын тексеруде

2 ақпаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында «Қызметтік қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полицейлер қызметтік қаруды пайдаланатын күзет ұйымдарын, ату тирлерін және басқа да мекемелерді тексеріп жатыр. Сонымен қатар, орталықтандырылған сақтау пункттері де бақылауда. Айта кетейік, бұл пункттердің қызметін солтүстікқазақстандық аңшылық әуесқойлары да пайдаланады, өйткені мұнда қару мен оқ-дәрілердің барынша қорғалу деңгейі қамтамасыз етілген.

Төрт күн ішінде тәртіп сақшылары 23 нысанды аралап, сақтау талаптарын, қауіпсіздік шараларының сақталуын және құжаттардың дұрыс рәсімделуін тексерді. Қаруды сақтау және қайта тіркеу қағидаларын бұзудың 6 дерегі анықталды. Заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

«Қызметтік қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарудың жоғалуына жол бермеуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Іс-шара 14 ақпанға дейін жалғасады.