«Жалғызбасты ана балаларымен қысты саяжайда өткізіп жатыр» — Петропавлда полицейлер әлеуметтік желідегі алаңдатқан хабарламаны тексерді

«Жалғызбасты ана балаларымен қысты саяжайда өткізіп жатыр» — Петропавлда полицейлер әлеуметтік желідегі алаңдатқан хабарламаны тексерді

Instagram әлеуметтік желісіндегі петропавлдық пабликтердің бірінде полицейлер екі баласымен бірге қыста саяжайда тұрып жатқан әйел туралы жазбаны анықтады. Жанашыр қала тұрғындары пікірлерде материалдық көмек жинау мәселесін талқылаған. Құқық қорғау органдары ақпаратты жедел түрде тексерді.

Аталған мәлімет толықтай расталмады. Ювеналдық полиция қызметкерлері мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобы отбасының жеке тұрғын үйде тұратынын, азық-түлік мәселесі жоқ екенін, 4 және 7 жастағы қыздарға жалпы алғанда лайықты жағдай жасалғанын анықтады. Көмірге қатысты мәселе волонтёрлердің көмегімен шешілді.

Полицейлер бейжай қарамағаны үшін пайдаланушыларға алғыс білдіріп, тек тексерілген ақпаратпен бөлісуді сұрайды. Әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қажет болған жағдайда хабарласу үшін байланыс деректері қалдырылды, сондай-ақ мәліметтер отбасыны қолдау орталығына жолданды. Онда жалғызбасты анаға заңгерлік кеңес пен әлеуметтік қолдау көрсетілуі мүмкін.

Аталған хабарлама полицейлер тарапынан 28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында өткізілген «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қаралды. Осы уақыт ішінде Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдары есепте тұрған тұлғаларға қатысты шамамен 5 мың мекенжайлық тексеру жүргізді. Сондай-ақ полицейлер 362 түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ең жиі кездесетіні — алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде болу: мұндай 236 дерек тіркелді.