
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Есіл ауданының жастарымен кездесу өткізді. Болашақ түлектерге ҚР ІІМ-нің мамандандырылған жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, сондай-ақ Заң мен Тәртіп сақшылары қатарында қызмет етудің артықшылықтары түсіндірілді.
Кездесу аудандық мәдениет үйінде өтті. Фойеде жасөспірімдерді жедел қимылдайтын арнайы жасақтың жарақтары қойылған көрме қарсы алды.
Оқушылар алдында учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, су тасқыны кезінде адамдарды құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған Ақыл Байтеңізов, сондай-ақ ҚР ІІМ Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 2025 жылғы үздік түлектерінің бірі, криминалист Назар Коваленко сөз сөйледі.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин 11-сынып оқушылары үшін мерзімді әскери қызметке балама ретінде ҚР ІІМ-нің төрт жоғары оқу орнының біріне түсу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оқу тегін, түлектерге полиция лейтенанты арнайы атағы беріледі және қызметке орналасу кепілдендіріледі. Полиция қызметі үшін мемлекет тарапынан лайықты еңбекақы және атағына байланысты 48–50 жас аралығында зейнетке шығу құқығы қарастырылған.
Мінсіз қызмет елеусіз қалмайды: сахнада полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин Есіл ауданы полиция бөлімінің бірқатар қызметкерлерін және олардың ата-аналарын марапаттады.
Сондай-ақ кездесуді облыстық полиция департаментінің Мәдениет орталығы өнерпаздарының, қызметтік-іздестіру иттерімен келген кинологтардың және жедел қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлерінің көрсетілімдері әрледі. Олар қауіпті қылмыскерді залалсыздандыруға мүмкіндік беретін күрес тәсілдерін көрсетті.
Полицейлер ескертеді: ҚР ІІМ-нің жоғары оқу орындарына 16 жастан бастап, орта білімі бар талапкерлер қабылданады. Ақпаннан мамыр айына дейін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне немесе Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің кадр жұмысы басқармасына (Петропавл қаласы, Алматинская көшесі, 55, 314-кабинет) жүгінуі қажет.