Петропавл қаласында жауапсыз зейнеткердің әрекетіне байланысты жедел әрекет ету қызметтері дабыл бойынша көтерілді

Петропавл қаласында жауапсыз зейнеткердің әрекетіне байланысты жедел әрекет ету қызметтері дабыл бойынша көтерілді

16 қаңтар күні таңертең Петропавл қаласының тұрғындарын Батыр Баян көшесіндегі автобус аялдамасында тұрған қараусыз пакет алаңдатты. Бұл туралы хабарлама «102» арнасына түсті. Саперлердің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін полицейлер көшені уақытша жапты. Мамандар тексеру барысында қауіпті заттарды анықтаған жоқ — пакет ішінде қоқыс болған.

Қалалық полиция басқармасының екінші бөлімінің учаскелік инспекторы Мұрат Арыков аула-ауланы аралау нәтижесінде құқық бұзушыны анықтады. Ол 65 жастағы зейнеткер болып шықты. Айта кетерлігі, бұған дейін ол өзі туған қаласының көшелерін тазалау жұмыстарында еңбек еткен, алайда бұл жолы аялдамаға бара жатып, қоқысты контейнерлерге дейін апаруға ерінген.

Айта кету керек, екі жыл бұрын осы азаматтың жұбайы да қоқысты белгіленбеген жерге тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Ол кезде Батыр Баян көшесіндегі аялдама маңында заңсыз қоқыс үйіндісі болған. Содан бері әйел адам мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермей келеді.

Қоғамдық орындарды ластау дерегі бойынша әкімшілік материал сотқа жолданды. Құқық бұзушы айыппұл төледі.

2024 жылдың сәуір айынан бастап елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өткізіліп келеді. Акция аясында Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қоғамдық орындарды ластаудың 4 мыңнан астам дерегін, абаттандыру қағидаларын бұзудың 23 мыңнан астам фактісін анықтады, сондай-ақ жұмыс тобының құрамында 107 заңсыз қоқыс үйіндісін жоюға қатысты.