
Солтүстік Қазақстан облысында «Адал полицей» акциясы жалғасуда. Оның мақсаты — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ғана емес, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайту.
Акция аясында полицейлер тұрғындармен кездесіп, сауда орталықтарында, оқу орындарында, мессенджерлерде мыңдаған түсіндірме материалдарын таратады. Онда қарапайым тілмен: «мәселені сол жерде шешу» — жол емес, екі тарап та жауапкершілікке тартылатын қылмыс екені түсіндіріледі.
Полицейлер жастармен және еңбек ұжымдарымен жұмысқа ерекше назар аударып, кездесулер барысында өмірден алынған нақты жағдайларды талдайды. Егер сізді пара беруге арандатса, бұл туралы дереу СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефондарына +8-700-161-26-89 және +8 (7152) 61-26-89 хабарлау қажет, сондай-ақ бірыңғай республикалық call-орталық — 1402 нөміріне жүгінуге болады.
Сонымен қатар жеке құраммен жүйелі жұмыс жүргізілуде: сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтауда әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі атап өтілетін сабақтар мен семинарлар өткізіледі. Алдын алу жұмыстарының креативті форматтары да қолданылады — зияткерлік ойындар мен байқаулар ұйымдастырылады.
«Адал полицей» акциясы адал қызмет пен белсенді азаматтық ұстанымның өзара тығыз байланысын көрсетеді. Полиция мен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ орта қалыптастыруға болады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.