
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауын іске асыру аясында енді әрбір жұмыс аптасы Солтүстік Қазақстан облысының полиция бөлімшелерінде саптық байқау мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталатын болады.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қазақстандық патриотизм сезімін және қызметтік тәртіпті нығайту, мемлекеттік рәміздерге және Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарына құрметпен қарауды қалыптастыру. Сондай-ақ жеке құрамның бірлігіне, жоғары ұйымдасқандық деңгейін орнықтыруға және Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қызметтің жоғары жауапкершілігін терең сезінуге ерекше назар аударылады.
Әрбір аумақтық бөлімшеде ауа райы жағдайлары ескеріле отырып, саптық байқаулар өткізуге арналған арнайы орындар белгіленді. Бөлімше басшыларына жеке құрамның жүз пайыз қатысуын және өздерінің тікелей қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Аталған шараларды жүзеге асыру ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қоғамның полицияға деген сенімін нығайтуға бағытталған тәрбиелік және ұйымдастырушылық жұмыстың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.