
Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны отыз градус аязда үсіп қала жаздады.
18 қаңтар, жексенбі күні таңертең Мамлют аудандық полиция бөлімінің кезекшісі Азамат Қаскенов бейнебақылау камералары арқылы Мамлютка қалашығындағы Жұмысшы кенті маңындағы батпақты аумақта қозғалысты байқайды. Ол бұл туралы учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Қайырбек Мұстафинге хабарлаған.
Полиция майоры Қайырбек Мұстафин хабарламаны тексеру барысында көлік жете алатын жерден шамамен 400 метр қашықтықта, қалың қардың арасында алкогольдік мас күйде үсіп бара жатқан адамды анықтайды. Учаскелік инспектор әріптесі Ердаулет Төлебаевты және жедел жәрдем бригадасын шақырған.
Кей жерлерде қар тізеге дейін жеткен. Ер адамды қар құрсауынан тек полиция қызметкерлері мен медицина мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана алып шығу мүмкін болды. Бұған дейін арнайы жедел әрекет ету жасағында қызмет атқарған Қайырбектің жақсы физикалық дайындығы да көмегін тигізді.
39 жастағы, спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтынуға бейім аудан тұрғыны қазіргі уақытта медициналық мекемеде, жағдайы тұрақты.
Полиция қызметкерлері азаматтарды алкогольді асыра пайдаланбауға және қатты аяз кезінде барынша сақ болуға шақырады.