
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің психолог-инспекторлары суицидтік мінез-құлықтың, лудомания мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған зияткерлік ойын ұйымдастырды. Оған облыстық және қалалық полицияның барлық бөлімшелері мен қызметтерінің қызметкерлері қатысты. Іс-шара Qyzyljar Creative Center алаңында өтті.
Қазіргі өмір ырғағы мен полиция қызметінің ерекшелігі көбіне адамның өз психологиялық жай-күйін терең пайымдауына уақыт қалдырмайды. Осындай жағдайда ведомстволық психологтардың жүйелі жұмысы тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және қызметкерлерге күрделі жағдайларда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Зияткерлік ойын форматы қатысушыларға бейресми жағдайда қызметтік күнделікті күйбеңнен бір сәтке алыстап, стандарттан тыс жағдайларда шешім қабылдау дағдыларын пысықтауға жол ашты.
СҚО ПД психологтары ауқымды әрі жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Тек өткен жылдың өзінде олар 80-нен астам психологиялық зерттеу өткізіп, олардың қорытындысы бойынша 7 мыңнан астам кәсіби бағалау мен ұсынымдар берді. Сонымен қатар мамандар стрессқа төзімділікті дамытуға арналған тренингтер мен ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған сабақтарды тұрақты түрде ұйымдастырады.
Бұған дейін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Рух» психологиялық орталығының директоры Резеда Баймұхамбетованың қатысуымен полиция қызметкерлері үшін креативті ойлауды дамытуға және командалық рухты күшейтуге бағытталған зияткерлік турнир өткен болатын. Аталған іс-шаралар «Адал полицей» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Погондағы психологтардың жеке құрамды қолдауға бағытталған кешенді жұмысы жалғасуда.