
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы өңір тұрғындарына сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілмейтінін және Қазақстан Республикасының заңнамасында пара беру мен заңсыз материалдық сыйақының өзге де түрлері үшін көзделген жауапкершілік бар екенін еске салады.
Сыбайлас жемқорлық құқықтық мемлекеттің негізін әлсіретіп, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін төмендетеді, заңдылық пен әділеттіліктің қамтамасыз етілуіне кедергі келтіреді. Кең таралған қате түсініктердің бірі — жауапкершілік тек лауазымды тұлғаға жүктеледі деген пікір. Алайда қолданыстағы заңнамада пара беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекет екені нақты көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабына сәйкес, лауазымды тұлғаға немесе мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға тікелей не делдал арқылы пара беру ауыр жауапкершілікке әкеледі. Бұл ірі көлемдегі айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілеумен және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сонымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ жағдайларда жеке тұлғалар тарапынан заңсыз материалдық сыйақы беру де әкімшілік жауапкершілікке жатады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабына сәйкес, сыйлықтарды, жеңілдіктерді немесе қызметтерді заңсыз беру үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу бойынша, соның ішінде ішкі істер органдары жүйесінде де, тұрақты түрде іс-шаралар жүргізеді. Ведомствоның ұстанымы — лауазымы мен атағына қарамастан, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік.
СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, пара ұсынбауға және бермеуге, сондай-ақ бопсалау немесе сыбайлас жемқорлыққа итермелеу фактілері туралы хабарлауға шақырады. ҚР ІІМ бірыңғай call-орталығының нөмірі — 1402. Қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен күші арқылы ғана заңдылықты, ашықтықты және сенімді қамтамасыз етуге болады.
Заң — баршаға ортақ. Заңды сақтау — қауіпсіздік пен әділеттіліктің кепілі.