
Өткен демалыс күндері орын алған қатты аязда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ерекше алғысқа ие болды. «Жезқазған — Петропавл» автожолында құқық сақшылары Петропавл қаласынан Сергеевкаға қайтып келе жатқан ерлі-зайыптыға көмек көрсетті. Олардың «Jelly» маркалы автокөлігі Қарлыға мен Новокаменка ауылдарының арасында бұзылған. Ақау күрделі болғандықтан, полицейлер көлікті жөндеу үшін Бескөл ауылына дейін сүйреп апарды.
«Қала сыртында, қысқы суықта мұндай жағдай үлкен қауіпке ұласуы мүмкін еді. Сіздер бізге шынайы тірек болып, полиция қызметі тек форма мен міндет қана емес, ең алдымен жүрегі кең адамдар екенін дәлелдедіңіздер», — деп жазды жас жұбайлар Instagram әлеуметтік желісінде.
Сондай-ақ Пеньково ауылы маңында қызып кету салдарынан тоқтап қалған «Mitsubishi» көлігінің жүргізушісіне де буксирлеу қажет болды. Полицейлер атап өткендей, аяз — техника үшін үлкен сынақ. Сондықтан төмен температура жағдайында алыс жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жарамдылығына көз жеткізу аса маңызды.
Қауіп-қатерге екі ағайынды да тап болды. Олар Астана қаласынан Қостанай қаласына жиһаз тасымалдау барысында «ГАЗель» автокөлігімен «Екатеринбург — Алматы» автожолының 743-шақырымында жолда қалған. Тасымалдаушылардың екеуінде де жылы киім болмаған. Патрульдік полиция қызметкерлері оларды қызметтік көлікке отырғызып, жылынуына жағдай жасап, жөндеуге көмектесті және күрделі жол учаскесінен қауіпсіз өтуіне сүйемелдеді.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алыс жолға шығар алдында жанармай қорын дұрыс есептемей, жүргізушілерді жақын маңдағы жанармай құю бекетіне жеткізуге тура келетін жағдайлар да жиі кездесетінін атап өтті. Құқық қорғау органдары ауа райы күрделі кезеңде алыс сапарға шығатын жүргізушілерді жауапкершілікпен дайындалуға, жанармай қорын алдын ала жоспарлауға, жөндеу құралдарын, жылы киім мен байланыс құралдарын өзімен бірге алуға шақырады.