
Петропавл қаласында «Закладчики. Мать» атты фильмнің премьерасы өтті. Бұл — СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен белгілі журналист, облыс әкімі кеңесшісі, депутат Закиржан Мамлютов жетекшілік ететін «QZ Media» шығармашылық тобының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
2021 жылдан бері аталған тандем үш деректі фильм түсірді: екі бөлімнен тұратын «Соли и спайсы. Дорога в никуда» және «Закладчики. Расплата». Жаңа туынды — мазмұны терең, психологиялық тұрғыдан ауыр фильм. Онда өзекті мәселе жаңа қырынан ашылады: лентаның негізінде есірткінің салдарынан отбасылық бақыты күйреген үш ананың тағдыры баяндалады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған көрсетілімге түрлі мемлекеттік органдардың қызметкерлері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, журналистер, блогерлер, сондай-ақ фильмді есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында пайдалана алатын өзге де азаматтар жиналды.
Іс-шара қонақтарының бірі — Карина есімді бұрынғы «закладчица», есірткі заттарын таратқаны үшін 12 жылға сотталған. Ол есірткі саудасымен айналысқан адамдардың тағдырына арналған алдыңғы фильмнің кейіпкері болған. Жазасын өтегеннен кейін Карина өзі жіберген қателікті өзгелердің қайталамауына көмектесуді мақсат еткен. Ол өз өмір жолы туралы айтып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
«Сіздердің әрқайсыңыздың қолдарыңызда мыңдаған жасөспірімнің көзқарасы мен санасына әсер ететін қуатты құрал — әлеуметтік желілер бар. Сіздерді ынтымақтастыққа және белсенді азаматтық ұстанымға шақырамын», — деді СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Абай Жусупов.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «QZ Media» бірлесіп түсірген барлық фильмдер YouTube платформасында қолжетімді. Жалпы қаралым саны екі миллионға жуық. Бұл туындыларды полиция қызметкерлері, білім беру саласының мамандары және өзге де құрылым өкілдері профилактикалық жұмыста кеңінен қолдануда. Жаңа фильм де көпшілік назарына ұсынылды.