
13 желтоқсан күні кешке Тайынша ауданында учаскелік полиция инспекторлары Талғат Бейсенбаев пен Ілияс Балғабай аула-ауланы аралау жұмыстарын жүргізді. Олар барған үйлердің бірінде 54 жастағы ер адам мен оның 3 жасар қызы болған. Әңгіме барысында, полицейлердің көз алдында, пеш құбырының маңынан үйдің шатыры тұтанып кетті.
Полицейлер дереу ауылдық округ әкіміне хабар беріп, өрт сөндіру қызметін шақырды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін қою түтінге қарамастан, үй иесі мен өтіп бара жатқан ауыл тұрғынымен бірге өртті оқшаулау шараларын қабылдады. Оқиға орнына келген әкім баланы әжесіне апарып қалдырды.
Бөлмедегі өрт қызметтік автокөліктегі өрт сөндіргіштің көмегімен сөндірілді. Алайда шатырда тақтайлар жана бастаған еді. Полицейлер шатырға шелекпен су көтеріп, отты сөндіру арқылы өрттің әрі қарай таралуына жол бермеді. Соның арқасында ірі материалдық шығынның алдын алу мүмкін болды. Өртті толықтай өрт сөндіру жасағы жойды.
Тәртіп сақшылары пешпен жылытылатын үйлерде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Пештің техникалық жағдайын бақылап, оны дұрыс пайдалану, түтін шығатын мұржаның бітелуіне жол бермеу және сенімді оқшаулауды қамтамасыз ету қажет.