
Солтүстік Қазақстан облысында үш күн бойы полиция қызметкерлері «Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында өңір жолдарында мемлекеттік тіркеу нөмірі оқылмайтын 105 автокөлік, сондай-ақ мемлекеттік нөмірі жоқ немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген нөмірі бар 28 автокөлік анықталды.
Аталған құқықбұзушылықтардың бірі Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғынына қатысты тіркелді. Ол айналма жолда квадроциклді басқару кезінде тоқтатылған. Көлік құралы тіркеуде болмаған. Заңнамаға сәйкес, бұл үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Төрт жүргізуші көрінеу жалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқарғаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Олардың екеуі — Ресей Федерациясының Түмен облысының тұрғындары. Олар «Жезқазған — Петропавл» автожолында тоқтатылған. 27 жастағысы «Land Rover» автокөлігін, ал 33 жастағысы «Mercedes Benz» маркалы көлікті басқарған.
Сонымен қатар үш күн ішінде 155 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданғаны үшін, 202 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қаласының өзінде мұндай құқықбұзушылықтардың 37-сі телефон қолдануға, 46-сы қауіпсіздік белдігіне қатысты тіркелді, қалғандары республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда анықталды. Бұдан бөлек, 6 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды.
Жалған мемлекеттік нөмірлерді анықтау «Мегакам.Қорғау» зияткерлік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы полицияның бейнебақылау жүйелері 15 500-ден астам автокөлікті анықтауға мүмкіндік берді. Олардың ішінде айыппұл бойынша шамамен 12 мың борышкер, көлік басқару құқығынан айырылған 9 жүргізуші және жалған нөмірі бар 4 автокөлік бар. Әкімшілік полиция қызметкерлері «Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында да бірқатар құқықбұзушылықтарды анықтады.
Полицейлер еске салады: автокөлік — жоғары қауіптілік көзі. Ол жол қозғалысы ережелерін сақтауды ғана емес, көлікті заңды түрде тіркеуге де жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Жыл басынан бері облыста 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Адам өлімімен аяқталған жол апаттарының басым бөлігі елді мекендерден тыс автожолдарда орын алады. Полицияның жолдардағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмысы жүргізушілердің тәртібін нығайтуға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.