Петропавлда жасөспірімдер қылмысы шамамен 23 пайызға төмендеді

Петропавлда жасөспірімдер қылмысы шамамен 23 пайызға төмендеді

Буллинг, бопсалау, интернет-алаяқтық және заңдылықты бұзудың өзге де түрлері Петропавл қаласындағы IT-мектеп-лицейінің алтыншы сынып оқушыларымен өткен ювеналды полиция қызметкерлерінің кездесуі барысында талқыланды. Құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға қарапайым, бірақ маңызды ойды жеткізді: әрбір құқық бұзушылық үшін міндетті түрде жауапкершілік қарастырылады — не құқық бұзушының өзіне, не оның ата-анасына.

Жаңа оқу тоқсанының басталуымен ювеналды полицейлер мектеп оқушыларымен профилактикалық кездесулерді қайта жандандырды. Кездесулер барысында бейнероликтер көрсетіліп, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік түсіндіріледі. Өткен жылы әкімшілік жауапкершілік енгізілген буллингке, сондай-ақ заңнамадағы өзге де жаңашылдықтарға ерекше назар аударылады.

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне де айрықша мән беріледі. Өткен жылы облыс орталығында 85 жол-көлік оқиғасында бір бала қаза тауып, 85 кәмелетке толмаған жарақат алған. Айта кету керек, IT-мектеп-лицейі көлік қозғалысы қарқынды көшеде орналасқан, сондықтан мұнда жолдағы жауапсыз мінез-құлықтың қауіптілігі туралы еске салу аса маңызды.

Жүйелі профилактикалық жұмыс нәтижесінде өткен жылы облыс орталығында жасөспірімдер қылмысы 29,9 пайызға төмендеп, 48 деректен 37-ге дейін азайды. Полицейлер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында тәрбиелеуге бағытталған жұмысты жалғастыруда.