
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері «Адал полицей» кең ауқымды акциясы аясында жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көріністері мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Петропавл қаласында ӨҚБ офицерлері ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында және адамдар көп шоғырланатын өзге де орындарда түсіндіру шараларын өткізді. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына құқық қорғау органдары қызметкерлеріне пара бергені үшін жауапкершілік туралы еске салатын жадынамалар мен буклеттер таратылды. Сондай-ақ азаматтарға қызметкерлер құзыреті шеңберінде кеңестер мен түсіндірмелер берілді. Бұдан бөлек, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері де жүргізушілер арасында жадынамалар таратты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен СҚО полиция департаментінің басшылығы полиция қызметкерлері тарапынан кез келген заңсыз әрекеттерге жол бермеу жөніндегі принципті ұстанымды дәйекті түрде қолдап келеді. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қызметтік тәртіпті нығайтуға және адал емес қызметкерлерден тазартуға бағытталған мақсатты жұмыс жүргізілуде.
СҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефоны: 8 (7152) 61-26-89.