СҚО-да полицейлер бір жыл ішінде жоғалған жасөспірімдерді 95 рет іздеді

СҚО-да полицейлер бір жыл ішінде жоғалған жасөспірімдерді 95 рет іздеді

Өзін ересек етіп көрсетуге ұмтылу мен өтпелі жас — жасөспірімдердің үйден кетуіне себеп болатын негізгі факторлар.

Кәмелетке толмағандардың жоғалуының әрбір фактісі төтенше жағдай ретінде қарастырылады. Іздеу жұмыстарына учаскелік инспекторлар, патрульдік полицейлер, жедел уәкілдер, бейнебақылау инспекторлары жұмылдырылады, бағыттамалар полицияның кешенді күштерінің барлық нарядтарына жолданады.

Көбіне жасөспірімдер достарының үйінен немесе қатарластарымен бірге көшеде жүрген жерінен табылады. Жағдайды анықтау барысында ювеналдық полиция қызметкерлері кетуге себеп болған ұсақ-түйек жайттарға жиі кезігеді. Мысалы, Петропавл қаласындағы 15 жастағы қыз анасының бөлмесін жинауды талап еткені ұнамай, үйден кетіп қалған. Оның құрбысының үйінде жүргенін анықтау үшін ондаған полицейдің бірнеше сағаттық еңбегі қажет болды.

Бұл жағдайда профилактикалық әңгіме нәтиже берді. Полицейлер қызға мұндай әрекет қайталанған жағдайда оның ісі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралатынын түсіндірді. Бұл жалғызбасты анасының ата-ана құқықтарынан айырылуына, өзіне арнайы мектепке, ал кіші сіңлілерінің балалар үйіне жіберілуіне әкеп соғуы мүмкін екені айтылды. Жауапкершілікті сезінген жасөспірім өз мінез-құлқын өзгертті.

Дегенмен, комиссияда қарау әрдайым қатаң шараларға әкелмейді. Көп жағдайда бұл — жағдайды түзетудің ең сенімді жолы. Осыдан кейін отбасы полицияның, білім беру және қамқоршылық органдарының бақылауына алынады. Бұл отбасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге және әрбір азаматтың өз іс-әрекетіне жауапкершілігіне негізделген «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамда нығайтуға ықпал етеді.

Жалпы, өткен жылы СҚО-да ювеналдық полиция қызметкерлері жоғалып кеткен кәмелетке толмағандарды 95 рет жедел іздеуге мәжбүр болды. Олардың барлығы кезекші тәулік ішінде табылды.