
Соңғы 12 айда Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында тіркелген 174 жол-көлік оқиғасында 13 жаяу жүргінші қаза тауып, 171 адам жарақат алған. Жалпы өңірде 593 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 47 адам көз жұмып, 793 адам түрлі деңгейде жараланған.
Негізгі себеп — жол қозғалысына қатысушылардың тәртіп деңгейінің төмендігі. Әрбір жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері жолды белгіленбеген жерден кесіп өту деректерінің жүздеген фактісін анықтайды.
Кей жағдайда әкімшілік жауапкершілік те тәртіп бұзушыларға сабақ болмай отыр. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының 24 жастағы тұрғыны желтоқсан айында Сергеевка аудан орталығында жолды белгіленбеген жерден өткені үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ал Шал ақын ауданының 21 жастағы тұрғыны тіпті өрескел тәртіп бұзушылықтарымен көзге түскен. Ол сәуір және желтоқсан айларында жаяу жүргінші ретінде екі рет жауапқа тартылса, қараша айында «ВАЗ-2106» автокөлігін басқару құқығы болмағанына қарамастан рөлге отырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Бір жыл ішінде СҚО-да жолды дұрыс емес жерден кесіп өткені үшін 8642 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция әрбір құқықбұзушылықтың жол-көлік оқиғасына әкелу қаупі бар екенін ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарау, «Заң мен Тәртіп» қағидатын құрметтеу ғана жол-көлік жарақаттарын азайтып, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.