
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының мәліметіне сәйкес, жаңа жылдың алғашқы күндерінде өңірде жедел жағдай тұрақты болып қалды. Барлығы мүліктік сипаттағы үш қылмыс тіркелді: екі ұрлық және бір көлік айдап әкету дерегі.
Сонымен қатар, полицияға алаяқтық фактілері бойынша бірде-бір өтініш түскен жоқ. Дегенмен, тәртіп сақшылары тағы да қырағылық таныту қажеттігін, ешкімге жеке деректерді, әсіресе sms арқылы келетін кодтарды хабарламау керектігін ескертеді.
Сондай-ақ, төрт күн ішінде «102» арнасына 448 өтініш келіп түсті. Оның 36-сы қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты болды — негізінен пиротехникалық бұйымдарды қолданған жастар жөнінде хабарламалар түсті. Бұдан бөлек, тыныштықты бұзудың 32 дерегі тіркелді: олар пәтерлердегі шулы жиындарға, сондай-ақ түнгі уақытта қатты музыка қосып жүрген жүргізушілерге байланысты болды. Жаппай демалыс орындарында, қысқы қалашықтарда құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ.