500 мың теңге қауіп алдында: СҚО-да «айнадай несие» схемасы бойынша алаяқтықтың жолы кесілді

500 мың теңге қауіп алдында: СҚО-да «айнадай несие» схемасы бойынша алаяқтықтың жолы кесілді

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың жарты миллион теңгеге жуық сомасын қамтыған кезекті дерегі дер кезінде тоқтатылды. Жәбірленуші болуға Сергеевка аудан орталығының 62 жастағы тұрғыны сәл қалған.

Желтоқсан айының соңында әйелдің смартфонына белгісіз ер адам қоңырау шалып, оның атына «Temu» маркетплейсінен сәлемдеме келгенін айтып, курьердің 40 минут ішінде жеткізетінін хабарлаған. Жеткізуді растау үшін «батырманы басу» қажеттігін айтқан. Зейнеткер айтылғанды орындап, келген кодты айтып берген.

Осыдан кейін әйелге кезек-кезек әртүрлі ер адамдар мен бір әйел хабарласа бастайды. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы бейнеқоңырау түсіп, формалы жейде киген ер адам өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады. Форманы көрген зейнеткер болған жайттың шынайылығына сенген.

Қоңырау шалушылар белгісіз біреулердің оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, «ақшаны сақтау» үшін шұғыл түрде «айнадай несие» алып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынған. Сонымен қатар бұл туралы ешкімге айтпауын және барынша тез әрекет етуін талап еткен.

Психологиялық қысымға түскен әйел банкке барған. Жасына байланысты сұралған бір миллион емес, 500 мың теңге несие мақұлданған. Осыдан кейін алаяқтар қоңырауларын жалғастырып, ақшаны Петропавл қаласындағы банкомат арқылы аударуды талап еткен.

Келесі күні әйел облыс орталығына 180 шақырым жол жүріп келіп, Сүтюшев көшесіндегі сауда орталығына кіріп, банкомат іздей бастаған. Осы сәтте оның абдыраған күйін қоғамдық орында қызмет атқарып жүрген СҚО полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері байқап қалған.

Полицейлер көмек қажет пе екенін сұраған. Алғашында зейнеткер шындықты айтуға батпағанымен, әңгіме барысында оның ұзақ уақыт бойы алаяқтардың ықпалында болғаны анықталды. Олар WhatsApp арқылы қоңырау шалып, жеке шоты барын «растайтын» жалған құжаттар жолдаған, сондай-ақ кіммен бірге тұратынын сұрастырған. Үйінде тек мысығы бар екенін білген соң, алаяқтар тіпті жануарды суретке түсіріп жіберуді өтінген — бұл да сенімге кірудің кезекті психологиялық айласы.

Полиция қызметкерлері алаяқтардың әрекетін бірден тоқтатты: нөмірлерді бұғаттауға көмектесіп, «қауіпсіз шот» деген ұғымның жоқ екенін түсіндірді және ақшаны аудармауға көндірді. Сондай-ақ қайталама алдаудың алдын алу үшін ХҚКО-ға жүгініп, несие алудан ерікті түрде бас тарту рәсімін жасауға кеңес берді.

Полицияның дер кезінде араласуының арқасында қылмысқа жол берілмеді. Әйел үлкен жеңілдік сезінгенін және алғысын білдірді: ол несиені банкке қайтара алады, ал қаражат алаяқтардың қолына түскен жоқ. Сонымен бірге мұндай схемалар туралы естігенін, бірақ өз басына түсуі мүмкін деп ойламағанын айтты.

Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады. Есіңізде болсын: полиция және банк қызметкерлері ешқашан несие рәсімдеуді, ақша аударуды немесе құпия деректерді хабарлауды талап етпейді. Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар келіп түскен жағдайда, байланысуды дереу тоқтатып, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет.